Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев ауланы су басқан елордалық құрылысы тоқтап қалған нысанға қатысты пікір білдірді. Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Не болды?

Астанадағы Кордай көшесінде орналасқан құрылыс алаңының ауласын жауыннан кейін су басып, су деңгейі екінші қабатқа дейін жеткен. "ЖаңаАрқа" тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы басталғанымен, қаржыландыру мәселесіне байланысты кейін тоқтап қалған. Қатты жауыннан кейін аяқталмаған нысанның ауласы толығымен су астында қалған.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, мұндай жағдай тұрғын үй кешені мен ішкі инженерлік желілердің құрылысы аяқталмағандықтан орын алған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі не деді?

"Бұл жағдайдан хабарымыз бар. Құрылыс жүргізуші компания – BBC Gold. Қазіргі кезде құрылыс тоқтап тұр. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. (...) Қазір бұл аяқталмаған нысанды зардап шеккен үлескерлерге өткізу мәселесі қаралып жатыр. Бұл жағдайды жақсы білеміз", – деді министр Ерсайын Нағасбаев.

Министрдің айтуынша, бүгінде ел бойынша 42 проблемалық құрылыс нысаны бар.

Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылыс компанияларын ескерткен болатын. Әкімнің айтуынша, былтырғы тексеріс кезінде құрылысшылар тарапынан 600-ге жуық заңбұзушылық анықталған. Оның алтауы лицензиясынан айырылып, 180-нен астам іс сотқа жолданған. Төрт нысан сот шешімімен бұзылған. Мұндай бақылау шаралары биыл да жалғасады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз