Қазақ боксшысы Төрехан Сабырханның Түркістан облысы құрамасынан кетуіне байланысты туындаған дау туралы оның жеке бапкері Ілияс Оралбеков егжей-тегжейлі айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Біздің Бауыржан есімді досымыз бар. Ол бізді Оралға шақырды. Сол кезде Төрехан – әлем чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы және бес дүркін Қазақстан чемпионы болатын. Соған қарамастан, ол Түркістан облысының атынан өнер көрсетіп жүрсе де, бірде-бір рет марапатталмаған. Сол себепті ол маған: "Ағай, менің қатарластарым пәтер, көлік, ақша алып жатыр, ал менде ештеңе жоқ", – деп ренішін білдірді. Оның сөзінің жаны бар еді: бірге жарысқа қатысып жүрген кейбір спортшылар жақсы сыйақы алып жатты. Сол себепті ол ренжіді. Біз Бауыржанмен хабарласып, сөйлестік. Ол: "Төреханға толық қолдау көрсетемін, барлық жағдайын жасаймын, талаптарыңызды орындаймын", – деді. Бірақ бұл ұсынысқа Атырау мен Орал қалаларының спорт басқармалары келіспеді. Содан кейін біз Шымкент қаласының әкіміне жүгіндік. Қазір бәріміз осындамыз. Бауыржан да Шымкентке келіп, бірлесе жұмыс істеп жатыр", – деді бапкер.