Бүгінгі күн Семей тарихындағы жаңа белес .

12 қазан семейліктер үшін тарихи дата. Күн шықпай жатып сайлау учаскелерінің алдына ағылған жұрттың қимылынан-ақ бұл күннің қарапайым емес екені байқалды.

Ұйымдастырушылардан алынды

Бүгін қала тұрғындары өз әкімін алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы таңдауда.

Олар үшін таңғы сағат 07:00-де қаладағы барлығы 128 сайлау учаскесі есігін айқара ашты. Олардың ішінде 110-ы ашық, ал 18-і жабық учаске, яғни аурухана, әскери бөлім секілді азаматтар уақытша тұрып жатқан орындарда ұйымдастырылған.

Қаланың сайлау комиссияларында 929 адам жұмыс істесе, 220 761 сайлаушы өз таңдауын жасауға құқылы.

Таңмен келген сайлаушылардың жүзінде жауапкершілік пен үміт. Қарттар мен жастар иық тірестіріп, бір мақсатты көздеген қалың жұрт қаланың болашағы үшін дауыс беруге асықты.

“Бүгін ауаның өзі ерекше”, дейді зейнеткер Рахимаш Мусинова. “Өзім елу жыл Семейде тұрамын. Қанша жылдар бойы кейінге шегерілген дүниелердің соңғы жылдары бірінен соң бірі шешіліп жатқанын көремін-ау деген үміт те болмаған еді… Бірақ жақсылықтың жаршысы болып, жаңа бастамаға өзіміз себепкер болып, сайлауға қатысып жатырмыз. Біз көп жыл бойы осындай әділ сайлауды күткенбіз”, — дейді зейнеткер.

Осы бір тарихи күні кейбір учаскелерде сайлаушыларды жылы шыраймен қарсы алып, бауырсақ пен шай ұсынған тұрғындар да бар. Ал ерте келген алғашқы дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табысталды.

Тарихи науқанға ел ағалары да үн қосты. Мәдениет қайраткері Құсмілия Нұрқасым таңғы уақытта келіп, өз таңдауын жасады.

“Бұл сайлау еліміздің демократиялық дамуындағы айрықша кезең. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады. Олардың отансүйгіштігі мен жауапкершілігі елдің болашағына деген сенімді нығайтады”, -деді ол.

Сайлау додасында үш кандидат бақ сынауда. Олар: Геодезия, картография және құрылыс колледжінің директоры Қаныш Төлеуов, Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев және Семей тұрғыны, бұрынғы ІІБ қызметкері Айболат Бекжасаров.

Әрбірі сайлауалды бағдарламасында қаланың инфрақұрылымын жақсарту, жастарды қолдау және әлеуметтік саланы дамыту бағыттарын ұсынды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли де Семей халқымен бірге сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ол №93 учаскеде дауыс беріп, журналистерге қысқаша пікір білдірді.

“Бүгін Семей үшін тарихи күн. Халықтың белсенділігі елдің саяси мәдениетінің өскенін көрсетеді. Семейліктер өз қаласының тағдырына бейжай қарамайтынын дәлелдеп отыр”, — деді аймақ басшысы.

Күн сайын жаңарып, өркендеп келе жатқан Семейдің тағдыры енді өз халқының қолында.

Халық жүзінде бір ғана сезім байқалады — сенім.