Қытай АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай импортына қосымша 100 пайыздық баж салығын енгізcе, жауап қайтаруға уәде берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Трамптың кейінгі мәлімдемесі Қытай өткен аптада сирек кездесетін металдардың экспортын шектейтін жаңа шараларды енгізгеннен кейін айтылды. CNN жазуынша, шиеленістің күшеюі бірнеше ай бойы жүріп жатқан сауда келіссөздеріндегі ілгерілеуді жоққа шығаруы мүмкін.
"Жоғары баж салығын енгізу қаупі — Қытаймен өзара әрекеттесудің дұрыс жолы емес", — деді ҚХР Сауда министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, егер Вашингтон біржақты әрекет етуді жалғастырса, Қытай "өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін шешімді шаралар қабылдайды".
Сауда қатынастарындағы шиеленістің артуы биржа индекстерінің төмендеуіне және жаңа тарифтік соғыс басталуы мүмкін деген алаңдаушылыққа себеп болды. Көктемде өзара импортқа салынған баждар тиісінше 145% және 120%-ға дейін жеткен еді.
Трамп пен Си Цзиньпиннің екі аптадан кейін Оңтүстік Кореяда кездесуі жоспарланған болатын, алайда АҚШ президенті Қытайдың "сирек металдарға қатысты дұшпандық әрекеттерін" сылтау етіп, саммитке күмән келтірді.
Бейжің бұл металдардың экспортын шектеу жөніндегі жаңа ережелерді "заңды қадам" деп атап, Вашингтонды шиеленісті күшейтті деп айыптады. Соңғы апталарда АҚШ экспорттық бақылауды кеңейтіп, тізімге бірқатар қытайлық компаниялар мен олардың еншілес ұйымдарын енгізді, сондай-ақ Қытай кемелеріне порттық алым енгізді.
Қытай Сауда министрлігінің мәліметінше, жаңа шаралар сирек кездесетін металдарды шетелде, соның ішінде әскери және жартылай өткізгіш өндірісінде пайдалануға шектеу қояды. Бұл бүкіл әлемдегі электроника, автокөлік және қару-жарақ жеткізу тізбегіне әсер етуі мүмкін.
"АҚШ көп жылдар бойы экспорттық бақылау тетіктерін теріс пайдаланып, ұлттық қауіпсіздік деген желеумен кемсітушілік шаралар енгізіп келеді", — деп атап өтті ҚХР Сауда министрлігі.
Министрлік дерегінше, АҚШ-тың экспорттық шектеулер тізімінде 3000-нан астам тауар бар, ал Қытайдың тізімінде шамамен 900 ғана позиция қамтылған.