12 қазан күні сағат 07:00-де Абай облысының әкімшілік орталығы — Семей қаласында қала әкімін сайлау бойынша дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Семейде барлығы 128 сайлау учаскесі ашылған. Оның ішінде 110 – ашық, ал 18 – жабық учаске. Жабық учаскелерде тұрғылықты жерінен тыс жерде жүрген азаматтар дауыс береді.

"Сайлау комиссияларының жалпы құрамы – 929 адам. Қала бойынша 220 761 сайлаушы тіркелген", — делінген хабарламада.

Қала әкімі болуға үміткерлер:

  • Әділет Қожанбаев – Көкпекті ауданының қазіргі әкімі;
  • Айболат Бекжасаров – қалалық мәслихаттың бұрынғы төрағасы;
  • Қаныш Төлеуов – Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінің директоры.

Бұл – еліміз тарихында тұрғындар өз облыс орталығының әкімін тікелей сайлау арқылы таңдай алатын алғашқы жағдай.