Сенбі, 11 қазанда QazaqAir әуе компаниясының Қостанайдан Астанаға бет алған ұшақ шассиден шыққан ақауға байланысты әуеге көтерілмей жатып тоқтауға мәжбүр болды. Әуе компаниясы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

IQ368 Қостанай – Астана рейсінің жолаушылары ұшақтың шассиінен шыққан ұшқынды видеоға түсіріп алған. Видеоны Михаил Козачков Telegram желісіндегі арнасында жариялады.

"Айтарлықтай ештеңе емес, Қостанайдан Астанаға бет алған Qazaq Air ұшағының шассиінен от шыққан. Маған жеткен ақпарат бойынша, рейс уақыты ауыстырылды", — деп жазды Козачков.

Qazaq Air компаниясының NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, 11 қазанда Қостанай әуежайында әуеге көтерілу кезінде ұшақта техникалық ақау анықталған, соның салдарынан ұшу процесі тоқтатылды.

"Кей жолаушылар шассидің тұсынан ұшқын көргені туралы хабарлады, бұл техникалық байқау кезінде ескеріледі. Әуе компаниясының техникалық тобы тексеру жүргізу және мәселені шешу үшін Қостанай әуежайына жөнелтілді", — делінген хабарламада.

Жолаушыларға барлық қажетті қолдау шарасы, соның ішінде қонақүйде тұру, билет құнын сатып алған жерінде толық қайтару немесе басқа рейстерге ауыстыру ұсынылды.

"Әуе компаниясы жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін абсолютті басымдық деп есептейді және барлық шара ұшу қауіпсіздігінің халықаралық стандарттарына сәйкестендіріле отырып жүзеге асырылады" — депді компания өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз