Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин елде жаңа заманауи қару түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
Бұл туралы Тәжікстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Владимир Путиннің айтуынша, жаңа қару-жарақ үлгілері қазіргі уақытта сынақтан өтіп жатыр және олардың нәтижелері табысты.
"Жақын арада біз бұрын жариялаған жаңа қаруларымызды жұртшылыққа таныстырамыз. Қазір олардың сынақ кезеңі жүріп жатыр, бәрі жоспарға сай орындалуда", – деді ол.
Путин Ресейдің қорғаныс әлеуеті мен ядролық тежеу жүйесінің деңгейі әлемдегі кез келген елден жоғары екенін атап өтті.
"Біздің ядролық тежеу жүйеміз инновациялық тұрғыда кез келген ядролық мемлекеттен озық. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бұрын айтқан барлық бастамаларымыз жүзеге асырылу үстінде, қазір оларды жетілдірумен айналысып жатырмыз", – деді ол.
Оның айтуынша, Ресей қорғаныс саласында ғылыми-техникалық жетістіктерге сүйеніп, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жаңа деңгейге көтерілуді мақсат етіп отыр.