Елордада ауданы 8,9377 гектар болатын, бұрын сауда орталығын салуға берілген, бірақ игерілмей қалған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

https://www.gov.kz/

Астана қаласының жер ресурстарын басқару департаменті (ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшесі) жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде, жер телімі ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатта пайдаланылмағаны анықталды.

Тексеру қорытындысы бойынша жер пайдаланушыға жер заңнамасын бұзушылықтарды бір жыл ішінде жою туралы нұсқама берілді. Алайда, белгіленген мерзімде нұсқама талаптары орындалмаған.

Осыған байланысты департамент Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін мәжбүрлеп алу туралы талап арызбен жүгінді.

Сот шешімімен талап қанағаттандырылып, учаскені мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім заңды күшіне енді.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Қазіргі уақытта жер учаскесі толықтай мемлекеттік меншікке қайтарылды.