Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 11 қазанда "Нұра" ауданындағы Greenline бульварын аралап көрді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аумағы 3,8 гектар болатын нысандағы жұмыстың бірінші кезеңі аяқталған. Мұнда жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар, сәулеттік қалыптар және жасанды тоғандар бар.
Мемлекет басшысына Астана қаласындағы абаттандыру жұмыстары жайында мәлімет берілді, делінген Ақорда хабарламасында.
Жеңіс Қасымбек елордада қазір 170 қоғамдық кеңістік пен ауланы абаттандыру бойынша кешенді бағдарлама іске асырылып жатқанын айтты.
Бұл жұмыстар Ботаникалық бақта, Триатлон паркінде, Ататүрік, Бейбітшілік және келісім, Президент саябақтары мен қаланың негізгі көшелерінде жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар "Мыңжылдық" аллеясын абаттандырудың тұжырымдамасы жасалды. Есіл өзенінің жағалауын реконструкциялау шаралары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы қала инфрақұрылымын жетілдіру, тұрғындарға заманауи әрі қолайлы, экологиялық тұрғыдан таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру жөнінде тапсырма берді.
Бұған дейін бүгін Астанада ауқымды жалпы халықтық сенбілік өтіп жатқаны хабарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына қатысты. Президент қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрген жастарға алғыс айтты.