Текелі қаласында үйіне оралған бала пәтерінің есігін аша алмай, көршілерінен көмек сұраған. Олар сырттан өткір иісті сезіп, бірден “102” арнасына хабарласқан. Шақырту орнына полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының қызметтік аға инспекторы бірінші болып жеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағдайды бағамдай отырып, офицер Бауыржан Нұрмұхамбетов батыл шешім қабылдап, көрші пәтердің балконы арқылы ішке кірген. Сөйтіп ес-түссіз жатқан 45 жастағы ер адамды сыртқа алып шыққан.

"Полиция қызметкерінің, өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем бригадасының үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шеккен азаматқа дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Бауыржан Нұрмұхамбетовтың бұл ерлігі — нағыз батылдықтың, кәсіби шеберліктің және борышына адалдықтың жарқын үлгісі. Оның жүйелі іс-әрекетінің арқасында бір адамның өмірі аман қалды", делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін Ақсуда жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде үйінді астында қалып кеткен ер адам құтқарылғанын жазғанбыз.