Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Мысыр, Латвия мен Мексикаға кіру ережелеріне өзгерістер енгізілгенін хабарлады, деп жазады СІМ-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Латвия Республикасы

Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Латвияға кірудің жаңа тәртібі күшіне енді. Латвияда тұруға ықтиярхаты немесе ұлттық визасы жоқ Қазақстан азаматтары Латвияға келуден кемінде 48 сағат бұрын eta.gov.lv порталы арқылы өтінім беруге міндетті.

Өтінімде сапардың мақсаты, мерзімі мен болу орны, бағыты, байланыс деректері, сондай-ақ өтініш беруші мен оның жақын туыстарының мемлекеттік немесе күштік құрылымдарда қызмет атқарғаны туралы мәліметтер көрсетіледі.

Ақпарат берілмеген немесе жалған мәлімет ұсынылған жағдайда, 2000 еуроға дейін айыппұл салынады. Дипломаттар мен дипломатиялық өкілдіктерге қысқамерзімді қызметтік сапарға баратын тұлғалар бұл ережеден босатылады. Мәлімет жіберілгеннен кейін жүйе растауды электрондық поштаға жолдайды.

Мысыр Араб Республикасы

Мысыр Араб Республикасының Астанадағы Елшілігінің ресми ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстан азаматтарына қатысты визалық режимге енгізілген жаңа талаптар күшіне енді.

Жаңа тәртіпке сәйкес:

  • 21 жасқа толмаған қазақстандықтар ата-анасының біреуінің (әкесі немесе анасы) бірге жүруінсіз Мысыр аумағына кіре алмайды;
  • 21 жасқа толған азаматтар Мысырға туристік сапарға барғанда, егер сапар тек Шарм аш-Шейх аймағымен шектеліп, 15 күннен аспайтын болса, визаны Шарм аш-Шейх халықаралық әуежайында рәсімдей алады;
  • Каир, Хургада немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарлаған азаматтар сапар алдында Қазақстандағы Мысыр Елшілігінен виза алуға тиіс.

Мексика

Мексика үкіметінің ресми порталында жарияланған Ұлттық көші-қон институтының ақпаратына сәйкес, егер Қазақстан азаматтарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония немесе Шенген аймағына мүше елдердің жарамды көпмәртелік визасы болса, олар Мексикаға мексикалық визасыз кіре алады.

Бұл жағдайда туризм, транзит немесе табыс әкелмейтін іскерлік сапарлар мақсатында елге 180 күнге дейін кіруге рұқсат беріледі. Виза сапардың барлық мерзімінде жарамды болуға тиіс.

Егер мұндай визалар болмаса, азаматтар мексикалық визаны алдын ала консулдықтан алуы қажет.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз