Су ресурстары және ирригация министрлігі Абай облысы Ақсуат ауданындағы Қарғыба өзенінің бөгетін реконструкциялау жұмыстарын қайта басталғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Министрліктің мәліметінше, бұл жоба 2021 жылы оны әзірлеу кезінде кеткен олқылықтарға байланысты тоқтатылған.
2023 жылы жобалау-сметалық құжат қайта қаралып, түзетулер енгізу басталған. Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Жоспар бойынша, жұмыстар келесі жылдың сәуір айының соңына дейін аяқталады.
Бүгінгі таңда үш су қақпағы мен бұрандалы көтергіштер алынып, қайта қойылған. Бөгеттің су таситын бөлігінде арматуралық торлар толық қойылып, бетон құю жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.
Сонымен қатар өзеннің жоғарғы бөлігі лай мен тұнбадан тазартылып, қосалқы бөгет тұрғызылып жатыр. "Қазақстан" магистральды каналының су алу нысанында да жөндеу жұмыстары қатар жүргізілуде.
"Бұл жобаның мақсаты – "Жаңа-Тоған" каналына суды тиімдірек жеткізу, өзен түбіндегі лай мен шөгіндінің суға араласпауын қамтамасыз ету және балықтардың қырылуының алдын алу. Ал магистральды канал мен ондағы құрылыстарды жөндеу судың дұрыс бөлінуіне, ысыраптың азаюына және суды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік береді", — деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз