ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзінде Президент ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық қатынастар елдерімізді біріктіретін негізгі фактор екеніне назар аударды. Президент дәстүр мен инновацияны, тарихи мұра мен заманауи технологияны сабақтастыратын креативті индустрияны дамытудың болашағы зор деп есептейді.

«Қазақстан осы саланы дамыту бағытында жұмыс атқарып жатыр. Бүгінде креативті секторымыздағы қосылған құн 2 миллиард доллардан асады. Бұл индустрияда 143 мың адам жұмыс істейді. Креативті индустрия экономикамызға оң ықпал етуде. Ең маңыздысы, ол мәдени дипломатияның, елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілікті нығайтудың тиімді тетігіне айналды. ТМД елдерінің бұл бағыттағы әлеуеті зор. ТМД-ның гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық қоры базасында Креативті индустрия қауымдастығын құруды ұсынамын. Оның басты мақсаты жас таланттарды қолдау, бірлескен жобаларды іске асыру, креативті экономиканың экожүйесін қалыптастыру болуы қажет», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру»

Президент ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды.

«Естеріңізде болса, 2023 жылы Қазақстан Республикасының ұсынысы бойынша ТМД-ның Байқаушылары мен Серіктесі институты бекітілді. Бұл бастаманың алғашқы нәтижелері байқала бастағанын ризашылықпен атап өткім келеді. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымына Байқаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылдаймыз. Бұл оқиға Еуразияның аймақтық құрылымдар ықпалдастығы тарихының жаңа парағын ашады. Бұдан бөлек, Мәскеудегі саммитте Қазақстан ұсынған «ТМД плюс» форматында қарым-қатынас орнатуды қолдаймыз. Аталған қадам ТМД-ның халықаралық аренадағы рөлін нығайта түседі», деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестің келесі жылы Ұйымға Түрікменстанның төрағалық ету жөніндегі шешіміне қолдау білдірді.

«Түрікменстан Президенті Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедовті осы маңызды әрі құрметті миссияны қолға алуымен құттықтаймын. Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.

Отырыста Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.