Күллі әлемнің назары Стокгольмге ауды. Швеция астанасында апта басталғалы бері дәстүрлі Нобель сыйлығын табыстау рәсімі өтіп жатыр . Ал бүгін Осло қаласында бейбітшілік саласындағы сыйлықтың жеңімпазы жарияланады.
Мәртебелі марапаттан АҚШ Президенті Дональд Трамп та үмітті. Жаһан жұрты демін ішіне тартып, бейбітшілік саласындағы марапат кімге бұйырады деп тағатсыздана күтіп отыр. Маңызды шешім қабылдау үшін Норвегиялық комитет мүшелері Осло қаласында бас қосты.
Нобель сыйлығы 1901 жылдан бастап ұйымдастырылады. Биыл алғаш рет БАҚ өкілдері осынау тарихи сәтті бақылауға мүмкіндік алды. Ғасыр өтсе де Нобель институтының мәжіліс залында ештеңе өзгермеген. Ал қабырғада осы уақытқа дейін бейбітшілік саласындағы сыйлыққа ие болған лауреаттардың суреттері ілулі тұр.
Йорген Ватне Фриднес, норвегиялық Нобель комитетінің төрағасы:
- Жыл сайын мұнда қызу талқылау өтеді. Дауласып та қаламыз. Алайда, әрине, әрқайсымыз сабырлық танытып, ортақ әрі әділ шешім шығаруға тырысамыз.
Әлбетте, дәл осы қабырғаға Трамп өзінің де суреті ілінгенін қалайды. Өзін бейбітшілік үшін күрескер санайтын АҚШ Президенті Нобель сыйлығына әбден лайықпын дейді. Биыл Ақ үйге қайта оралған ол Ресей мен Украинаны татуластыруға кірісті. Не керек, екі ел арасында бітім орнату үшін барын салды. Алайда мұнысынан түк шықпады. Сөйтіп, Трамп Газадағы қақтығысты реттеуге көшті. 20 бөлімнен тұратын жоспарын да ұсынды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Маған Нобель сыйлығы берілмесе, бұл біздің мемлекетіміз үшін нағыз қорлық болмақ. Мен бұл сыйлықты өзім үшін ғана емес, АҚШ мемлекеті үшін алғым келеді. Сондықтан марапат бізге бұйыруы тиіс.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы халықтар арасындағы бауырластықты нығайтып, бейбіт конгресс өткізуге ең көп үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға беріледі. Бұл ережені Альфред Нобельдің өзі бекіткен.
Дональд Трамптың сөзінше, ол әлемдегі жеті соғыстың тоқтауына себепкер болды. Оның ішінде Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығысты, Таиланд пен Камбоджа, Армения мен Әзербайжан арасындағы жер дауын атап өтуге болады. Десе де халықаралық сарапшылар АҚШ Президентінің Нобель сыйлығын алу мүмкіндігі аз дейді.
Нина Грэгер, Ослодағы Бейбітшілік мәселелері жөніндегі талдау орталығының директоры:
- Трамп әкімшілігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Париж климаттық келісімі сияқты халықаралық институттардан шығып кетті. Сондай-ақ Трамптың Даниядан Гренландияны тартып алу ниеті халықаралық ынтымақтастыққа қайшы.
Трамп қанша тырысқанымен Израиль мен ХАМАС арасында орнаған бітім оны Нобель сыйлығына жақын етпейді. Өйткені елдер келісімге келмей тұрып, комитет шешім шығарып қойған. Не болса да, әліптің артын бағуға тура келеді.
Айта кету керек, биыл бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына 338 үміткер ұсынылды. Былтыр бұл марапатты ядролық қарудан бас тартуға үгіттейтін жапондық ұйым алған болатын.
Авторы: Мөлдір Жақан