"Хартс" клубы Ислам Чесноковтың қаңтар айында команда қатарына қосылатынын ресми түрде растады.
Қазіргі таңда эдинбургтік ұжым Шотландия чемпионатының турнирлік кестесінде көш бастап тұр. 7 тур қорытындысы бойынша "Хартс" 19 ұпай жинап, басты қарсыласы "Селтикті" 2 ұпайға артта қалдырған.
Команданың бас бапкері Дерек Макиннес қаңтар айында қазақстандық шабуылшы Ислам Чесноковтың ресми түрде команда ойыншысы атанатынын мәлімдеді.
Оның айтуынша, "Тобылдың" үздік форварды маусымның екінші жартысында "Хартстың" шабуыл шебін айтарлықтай күшейтпек.
– Бізде жарақаттан оралатын бірнеше ойыншы бар. Рекордтық трансферіміз Эгеу "Килмарнокқа" қарсы матчқа дейін қатарға қосылуы мүмкін. Ал Фрэнки Кент – "Селтикке" қарсы ойынға дайын болады. Ал қаңтарда құрамды Ислам Чесноков толықтырады. Ол біздің шабуылымызға жылдамдық қосады, – деді Макиннес.
Чесноков "Хартс" сапында қысқы трансфер терезесі ашылғаннан кейін ғана алаңға шығады. Оның дебюті қаңтардың басында өтуі ықтимал.
Биылғы маусымда Ислам Чесноков "Тобыл" жейдесінде барлық жарыстарда 27 ойын өткізіп, 10 гол соғып және 4 нәтижелі пас берді.