Сенат депутаттары 2025 жылдың 9 қазанында өткен пленарлық отырыста Қазақстан мен Катар мемлекеті арасындағы қазақстандық азаматтарды еңбекке орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Құжат енді Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Депутат Руслан Рүстемовтың айтуынша, келісім 2024 жылдың 14 ақпанында Доха қаласында қол қойылған.
"Келісімде Қазақстан азаматтарының Катарда жұмыс істеу тәртібі мен құқықтық негіздері айқындалған. Атап айтқанда, еңбекке қабылдау және жұмысқа алу рәсімдері, сондай-ақ жұмысшылардың құқықтары белгіленеді. Сонымен қатар құжатқа қосымша ретінде қазақстандықтарды Катарда жұмысқа жалдау кезінде қолданылатын үлгілік еңбек шарты бекітіледі", – деді сенатор.
Бұл еңбек шартында жұмыс берушінің міндеттері нақты көрсетілген: қызметкерге тұратын орынмен қамтамасыз ету немесе тұрғын үйге жәрдемақы төлеу, жұмыс орнына дейін және кері тегін көлікпен қамту немесе жолақы төлеу, медициналық қызмет көрсету, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысын беру көзделген.
"Катар тарапы үлгілік еңбек шартына өзгеріс енгізе алмайды. Осы заң қабылданғаннан кейін Катарда жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуы қамтамасыз етіледі", – деп атап өтті Рүстемов.
Қазіргі уақытта Катарда мұнай-газ саласында 800-ден астам қазақстандық еңбек етуде.
Айта кетейік, бұған дейін Сенат ең төменгі жалақыны белгілеу туралы конвенцияны да ратификациялаған болатын.