Қазақстандық полицейлер автокөлік иелері интернет-алаяқтардың нысанына айнала бастағанын ескертті.

Соңғы уақытта түрлі елдерде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін жалған айыппұлдар жіберу фактілері жиілеген.

"Қаскөйлер жүргізушілерге электрондық пошта немесе мессенджерлер арқылы хаттар мен хабарламалар жібереді. Онда адамның жеке деректері, көлік нөмірі және "айыппұлды төлеу" сілтемесі көрсетіледі. Алайда бұл – фишингтік шабуыл", – деп түсіндірді Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Оның айтуынша, егер адам сол сілтеме арқылы банк картасының мәліметтерін енгізсе, алаяқтар оның есепшотына қол жеткізе алады. Кей жағдайларда мұндай сілтемелер арқылы вирус тарап, жеке деректер ұрланады.

Мұндай шабуылдар бұған дейін АҚШ пен Ресейде тіркелген, ал қазір олардың Қазақстанда таралу қаупі бар.

Полиция еске салады:

  • ресми айыппұлдар туралы хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келеді;
  • оларда төлем жасауға арналған сілтемелер болмайды.

Айыппұлдарды тексерудің ресми тәсілдері:

  • egov.kz;
  • qamqor.gov.kz;
  • банктердің мобильді қосымшалары.

Егер сізге күмәнді хабарлама келсе:

  • сілтемелерге өтпеңіз және тіркелген файлдарды ашпаңыз;
  • ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіз;
  • карта деректерін енгізіп қойған болсаңыз – дереу картаны бұғаттап, банкке және полицияға (102) хабарласыңыз.