Астанада жеке құрылыс компаниясының рұқсатсыз қазба жұмыстары салдарынан тұрғындар газсыз қалды деп хабарлайды QazaqGaz Aimaq АҚ-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Компанияның мәліметінше, өткен түні Өзбекәлі Жәнібек көшесімен Р. Қошқарбаев даңғылының қиылысында QazaqGaz Aimaq АҚ-ның 1 898 абонентін газбен қамтамасыз ететін орта қысымды газ құбыры зақымданған.

Оқиғаға газ қызметімен алдын ала келісімсіз және хабарламай жүргізілген жеке құрылыс ұйымының рұқсатсыз жер қазу жұмыстары себеп болған. Көлденең бұрғылау аппаратының жұмысы кезінде орта қысымды газ құбыры қатты зақымданған, салдарынан апаттық жағдай болып, тұтынушылар уақытша газсыз қалған.

Апаттық-диспетчерлік қызметке хабарлама келіп түскен сәттен бастап оқиға орнына QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның үш апаттық бригадасы жедел жеткен. Қалалық өндірістік филиалдың газ желілерін пайдалану және жөндеу жөніндегі екі қосымша бригадасы да жұмылдырылған.

Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, түсте газ қайта беріле бастайды деп күтіліп отыр.

"QazaqGaz Aimaq" АҚ газ коммуникациялары маңында жүргізілетін кез келген жер қазу жұмыстары міндетті түрде газ қызметінің мамандарымен алдын ала келісіліп атқарылуы тиіс екенін ескертеді. Бұл талаптардың бұзылуы апаттарға, газ берудің үзілуіне және адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз