Облыстық экология департаменті "Шетпе тас" серіктестігіне қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында, жоспардан тыс тексеріс жүргізді.

Нәтижесінде серіктестіктің Маңғыстау ауданы аумағындағы "Жаңа Орпа-2" кен орнында қиыршық тас өндіру қызметін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырып келгені анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.

– Тексеру қорытындысы бойынша тексеру актісі жасалды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, – делінген хабарламада.

Экологиялық кодекстің 178-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар экологиялық заңнаманы бұза отырып, қызмет жүргізетін субъектілердің қызметін шектеу, тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап-арызды сотқа беруге құқылы.

Осыған орай, Маңғыстау облыстық экология департаменті тарапынан "Шетпе тас" ЖШС-нің Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті маңындағы "Жаңа Орпа-2" кен орнында 15.12.2006 жылы жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырып отырған қызметін тиісті экологиялық рұқсат алынғанға дейін тоқтата тұру туралы талап арыз Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолданды.