Астанада бірқатар тұрғын үйлер жеке құрылыс компаниясының рұқсатсыз қазба жұмыстары салдарынан газсыз қалды, деп хабарлайды Zakon.kz "QazaqGaz Aimaq" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компанияның мәліметінше, 1 898 абонентке газ жеткізетін құбыр түнде Өзбекәлі Жәнібек көшесі мен Р. Қошқарбаев даңғылының қиылысында зақымдалған.
"Оқиғаның себебі – газ қызметін алдын ала ескертпей және келісімсіз жүргізілген рұқсатсыз жер қазу жұмыстары. Бұрғылау кезінде горизонталды бұрғылау аппараты орта қысымды газ құбырын зақымдап, апатты жағдай мен уақытша газ өшуіне әкелді", – делінген компания хабарламасында.
Апат туралы хабар түскен бойда оқиға орнына "QazaqGaz Aimaq" АҚ-тың үш жедел бригадасы жіберілген.
"Қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету үшін қосымша екі жөндеу және пайдалану тобы тартылды. Газ қызметі тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, түске дейін газ беруді қалпына келтіру жоспарланып отыр", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Компания мамандары ескерткендей, газ желілерінің маңында жүргізілетін кез келген жер қазу жұмыстары міндетті түрде газ қызметімен келісіліп жүргізілуі тиіс. Бұл талаптарды бұзу апаттар мен қауіпті жағдайларға әкеледі.
Барлық қосымша сұрақтар бойынша "QazaqGaz Aimaq" АҚ Астана өндірістік филиалына немесе 5-104 нөміріне хабарласуға болады.
Бұған дейін 8 қазанда Астананың кейбір аудандарында жарық, су және жылу уақытша өшетіні хабарланған еді.