Қазақ тіліне деген қызығушылық шетелдік жастар арасында артып келеді. Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілді ерікті түрде меңгеріп, оны болашақ кәсібіне айналдыруды мақсат еткен өзге ұлт өкілдері қатары көбеюде. Солардың бірі – Пәкістан Ислам Республикасынан келген Мухаммад Усама Шахид.

Усама – Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алып жатқан төртінші курс студенті. Оның бұл мамандықты таңдауы – қазақ тіліне деген шынайы қызығушылығы мен рухани ізденісінің айғағы.

Студенттің айтуынша, Қазақстан туралы алғашқы мәліметтерді ол интернет арқылы алған. Қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті мен ұлттар арасындағы бейбіт қарым-қатынасы оны ерекше қызықтырған. Осыдан кейін-ақ ол қазақ тілін үйренуге шешім қабылдайды.

Қазақстанның тарихы мен мәдениеті мені баурап алды. Әсіресе қазақ әдебиеті мен дәстүрлеріне деген ықыласым арта түсті. Осы қызығушылық мені тілді терең меңгеруге жетеледі, – дейді ол.

Пәкістанның Пенджаб өлкесіндегі Чиниот қаласында дүниеге келген Мухаммад қазіргі таңда тек тілді меңгерумен шектелмей, қазақ және урду тілдерінің лексикалық және фонетикалық ерекшеліктерін салыстыра зерттеумен айналысып жүр. Оның пікірінше, қазақ тілі – түркі тілдері арасындағы бай және әуезді тілдердің бірі. Әсіресе тілдегі үндестік заңы қазақша сөйлеуді ерекше сазды әрі табиғи етеді.

Урду тілі – үнді-еуропа тілдер тобына жатады. Грамматикалық құрылымы мен дыбысталуы қазақ тілінен өзгеше. Дегенмен, екі тілге де араб, парсы және түркі тілдерінен енген сөздер ортақ. Осы ұқсастықтар екі ел арасындағы мәдени байланысты да тереңдете түседі. Ал шынайы ынта мен ниет болса, кез келген тілдің қиыншылығы жеңілмек, – дейді Мухаммад.

Семей қаласына алғаш келген күннен бастап жергілікті халықтың қонақжайлығы мен жылы қабағы оны таңғалдырған. Университет ұжымы мен студенттер тарапынан көрсетілген қолдау тіл үйрену процесін жеңілдетіп, бейімделуіне көмектескен.

Қазіргі уақытта Мухаммад Усама Шахид қазақ тілінде еркін сөйлейді, әдеби шығармаларды түпнұсқада оқиды және ғылыми жобалармен айналысып жүр. Оның алдағы жоспары – Қазақстанда қалып, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын маман немесе кәсіби аудармашы атану. Сонымен қатар, ол болашақта Пәкістанда қазақ мәдениетін насихаттап, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуды мақсат етеді.