Кинорежиссёр әрі телерадио жүргізушісі Тигран Кеосаян қайтыс болды. Бұл туралы оның әйелі Маргарита Симонян Telegram-дағы арнасында мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Тигран бүгін түнде Жаратушысына қайтты. Дұға еткендердің барлығына рақмет. Дәл қазір маған немесе менің отбасыма телефон шалмаңыздар. Барлығыңызға рақмет, рақмет", — деп жазды ол.
Айта кетейік, биыл қаңтарда ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаян комаға түскені хабарланды.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың сәуірінде ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаян өзінің шоуында Қазақстан мен оның халқына тіл тигізген болатын.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі белгілі ресейлік тележүргізушінің сөзіне назар аударып, мұндай мәлімдемелер Ресей мен Қазақстан арасындағы тату көршілік қарым-қатынас атмосферасына нұқсан келтіретінін айтты. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілі Кеосаяның Қазақстанға келуге тыйым салынған тұлғалардың тізіміне қосылатынын атап өтті.
Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі Тигран Кеосаянға персона нон грата мәртебесін беру процесін бастады.
РБК мәліметінше, Кеосаян 1966 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген, ол режиссёр және сценарист Эдмонд Кеосаянның ұлы. Тигран Кеосаянның үлкен ағасы Дэвид продюсер және сценарист.
Ол 1984 жылы Бүкілресейлік кинемотография институтының режиссёрлік факультетіне түсіп, Юрий Озеровтың шеберханасында оқуын тәмамдады.
Кеосаян курстасы – Фёдор Бондарчукпен бірге музыкалық бейнебаян түсіре бастады. Кеосаян Наталья Ветлицкаяға, Ирина Аллегроваға, Михаил Шуфутинскийге және т.б әртістерге бейнероликтер түсірген.
Кеосаянның алғашқы толық метражды фильмі "Катька мен Шиз" 1992 жылы жарық көрді. Ол сонымен қатар "Кедей Саша", "Күміс лалагүл", "Қырым көпірі. Махаббатпен жасалған!" және "Ялта-45", "Теңіз. Таулар. Керамзит" және т.б. картинасын түсірген.
Одан бөлек Кеосаян бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеді. Ол "Тигран Кеосаянмен кеш" және "Үндемей қалма" ток-шоуларын жүргізді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз