2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) төлеуге 436,1 млрд теңге бағытталды, деп хабарлады Zakon.kz сайтына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұған қоса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 59,8 млрд теңге әлеуметтік төлем жүргізілді.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектікке байланысты МӘЖ алушылар саны 543,7 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу бойынша алушылар саны шамамен 184,1 мың адамды құрады.

ЕХӘҚМ атап өткендей, мүгедектікке байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі.

Асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақы мөлшері қайтыс болған (қаза тапқан) асыраушының асырауындағы адамдар санына, өлім себебіне және күнкөріс минимумына байланысты.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тан төлем алады.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша:

  • еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты 97 мың адам әлеуметтік төлем алды;
  • асыраушысынан айырылуына байланысты шамамен 65,9 мың отбасы әлеуметтік төлем алды.

Бұл төлемдердің мөлшері жеке есептеледі және мына факторларға тәуелді:

  • соңғы 2 жылда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударым жасалған орташа айлық табыс;
  • еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициенттері;
  • асырауындағы адамдар саны;
  • міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі;
  • табысты алмастыру деңгейі.

Аталған төлемдер республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақыларға қосымша ретінде төленеді.

"2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектікке және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға артты. Үкімет шешімімен еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ төлемдері де 6,5%-ға өсті", – делінген ҚР ЕХӘҚМ баспасөз хабарламасында.

Нәтижесінде 2025 жылғы МӘЖ мөлшері мынадай болды:

жалпы ауруға байланысты мүгедектік бойынша:

  • І топ – 101 702 теңге,
  • ІІ топ – 81 362 теңге,
  • ІІІ топ – 55 474 теңге;
  • еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша – 71 468 теңге;
  • асыраушысынан айырылу бойынша – 74 460 теңге.

2025 жылғы 16 қыркүйекте Еңбек министрлігі жаңа әлеуметтік қолдау үлгісінің кімге және қалай көмектескенін түсіндірді.