2025 жылдың 21 қыркүйегінде, жексенбіде Ұлыбритания Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайды деп күтіледі. Алдында бұл туралы елдің премьер-министрі Кир Стармер мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кир Стармер бұл шешімді Газадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауы және Батыс жағалауда едел-жедел жүріп жатқан израильдік жаңа елдімекендердің құрылысы аясында қабылдайды, деп жазады The Guardian.
Бұған дейін Стармер Израиль өзіне қойылған шарттарды орындамаса, бұл мәселені БҰҰ Бас Ассамблеясында талқылауға дейін баратынын айтқан болатын. Шарттарда атысты тоқтату және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету жайы да қамтылған. Алайда, ағылшын үкіметінің пікірінше, олардың жақын арада орындалуы мүмкін емес.
Лондон Палестинаны мойындау ХАМАС-пен байланысты еместігін және оның Газаны өз басқаруына алуды білдірмейтінін нақтылайды. Сонымен қатар, билік ХАМАС-қа қарсы санкцияларды күшейтуге ниетті және кепілге алынған адамдарды босатуды талап етеді.
Премьер-министрдің орынбасары Дэвид Лэмми бұл шешімге қоныс аударушылар тарапынан жасалған зорлық-зомбылықтың артуы және Батыс жағалаудағы E1 жолын салу жоспарлары әсер еткенін атап өтті. Сондай-ақ, оның пікірінше, бұл жайттар "екі мемлекеттің" болашағына қауіп төндіреді.
Стармердің бастамасына АҚШ пен кепілге алынған адамдардың туыстары қарсы, олар Палестинаны мойындау тұтқындағыларды босату туралы келіссөздерді қиындатады деп санайды. Ұлыбританиядағы оппозиция да премьер-министрді сынауда: СІМ басшысы Прити Патель оның қадамын "партиялық мүдделер үшін капитуляция жасау" деп атады.
Қазіргі уақытта Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 147-сі мойындайды.
13 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы екі мемлекет құру арқылы Таяу Шығыстағы шиеленісті реттеуді бекітетін амал — "Нью-Йорк декларациясын" мақұлдады.