Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Келбет Нұрғазина Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін желі парақшасында жазба жариялап, бұл спорт түрі қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жатқанын сөз етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бүгін Токиода жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясына жақында тағайындалған Бас хатшысы ретінде бұл біріншілік біраз нәрсені бағамдауға мүмкіндік бергенін айтқым келеді.

Әлемдік жеңіл атлетиканың деңгейіне қарап, әрі қарай не істеу керектігін және қалай жылжу қажеттігін нақты айқындайтын сәт келді. Қазақстандық спортшылар жеңіл атлетиканың техникалық түрлерінде нәтиже көрсетуге қабілетті, бірақ басқа бағдарламаларды да назардан тыс қалдырмаған жөн.

Біздің спортшылар жайлы айтар болсам, олар өз әлеуеті жеткенше барынша тырысып бақты. Сондай-ақ атлеттер қазіргі таңдағы дайындық деңгейінің қандай екенін көрсетті.

Жеңіл атлетика – ең көп медаль тарататын әрі бұқаралық спорт түрі саналады, десе де біздің мәселенің тамыры тереңде жатыр. Ең алдымен, аймақтардағы жеңіл атлетиканың дамуына мән беру қажет. Себебі резервті біз жан-жақтан аламыз. Осы орайда, еліміздің батысында – Атырау, БҚО, Маңғыстау және Ақтөбе өңірлеріндегі жағдайдың қиын екенін атап өту керек. Бірді-екілі спортшыларды есепке алмасақ, аталған аймақтарда жеңіл атлетика мүлдем жоқ деуге болады.

Кадр тапшылығы туралы әңгіме, тіпті бөлек. Бүгінде Қазақстанда маман тапшылығы қатты байқалады және бұл ең басты проблемалардың бірі. Кезінде Олимпиада чемпиондарын дайындаған білікті әрі сауатты бапкерлердің басым бөлігі қазір зейнет демалысында. Өкінішке қарай, білігі мол жаттықтырушылардың ізін басатын мамандар жоқ, жүйелі түрде маман дайындау мәселесі сол күйі шешілмеген.

Сол себепті ел аймақтарындағы жас әрі талантты мамандарды қолдау, олардың жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысуына мүмкіндік жасау, білікті мамандармен тәжірибе алмасып, заманауи әдістерді үйренуіне жол ашу – біздің басты міндетіміз. Мұны реттемейінше, біз резерв тапшылығын жоя алмаймыз, ірі жеңістерге қол жеткізе алмаймыз.

Қосанов турниріне арналған баспасөз мәслихатында мен еліміздің батыс аймақтарындағы жеңіл атлетиканы дамыту мәселесін көтердім. Бүгінде Ақтөбе облыстық спорт басқармасы осы бағытта жұмыс істеуге дайын екенін көррсетті. Осы орайда жеңіл атлетиканы дамытуға өзге өңірлердің де мүдделі болғаны аса маңызды. Себебі бұл спорттың бастауы балалық шақта – мектептегі дене шынықтыру сабақтарында жатыр", — деп жазды Келбет Нұрғазина.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз