Алматыда Үлкен Алматы өзенінің маңындағы көшеге белгілі спортшы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің есімі беріледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қалалық мәслихат сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбеттің айтуынша, Бостандық ауданындағы 7-ші көше қайта аталады. Ұзындығы 800 метр болатын бұл көше Президент саябағының жоғарғы жағында орналасқан.

Атауды өзгерту 2025 жылға арналған жол картасы аясында жүзеге асырылады. Жоспар бойынша Алматыдағы атаусыз 156 көшеге жаңа атау берілмек. Оның ішінде 22 көше ҰОС ардагерлерінің, 15 көше тарихи тұлғалардың есімін иеленеді.

Бұл тізімде Денис Теннен бөлек академиктер Абдуали Қайдар, Карл Байпақов, Саим Балмұханов, әлем чемпионы Анатолий Храпатый және КСРО халық әртісі Наталья Сацтың есімдері бар.

Алматы қаласының ономастикалық комиссиясы мен Республикалық комиссия бұл ұсынысты мақұлдаған.

Айта кетейік, 1993 жылы Алматыда дүниеге келген Денис Тен – 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Азия чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.