Шымкенттегі ең үлкен ойын-сауық орталығы өртеніп, бірнеше адам зардап шекті. "Бай парк" деп аталатын орталықтың екінші қабатынан шыққан өрт әп-сәтте үшінші қабатты да шарпыған, деп хабарлайды Zakon.kz.

KTK ақпаратына сүйенсек, өрт түсте тұтанған. Қызыл жалын әуелі киім сататын екінші қабаттан шығып, жоғары қабаттағы тамақтанатын орындар мен фитнес залын қою түтін тез басыпты. Өрттен қашқандардың бірі терезеден, енді бірі шатырға шығып жан сауғалаған. Оттың ортасында қалғандарға құтқарушылар көмекке келді. Жалынды сөндіруге 24 техника мен 90 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Түтінге уланған алты адам ауруханаға жеткізілді. Бірі — жансақтау тағы үшеуі токсикология бөліміне жатқызылған. Тағы екі тұрғын дәрігерлердің бақылауынан кейін үйіне қайтарылыпты. Өрттің себебі анықталып жатыр.

"13:27-де өрт оқшауланып, 13:55 минутта толық сөндірілді. Бір адам шатырдан түсірілді. Біреуі екінші қабаттың терезесінен түсірілді. Қалған үш адам орталықтың ішінен алып шығарылды. Екінші қабат өртенгенмен, үшінші қабатты қатты қою түтін басқан. Үшінші қабатында фитнес клуб бар екен. Жаңағы адамдардың барлығы сол жерде жаттығып жатқан болуы керек". Ғизат Қамбаров, Шымкент ТЖД бастығының орынбасары

Бұған дейін Талдықорғанда құтқарушылар газ құбырындағы зақымданудан болған өртті сөндіргенін жазғанбыз.