Халықаралық "Интервидение – 2025" байқауы қарсаңында мерекелік көңіл-күй сезілуде. Сахнада 23 елден келген өнерпаздар бақ сынамақ, ал миллиондаған көрермен шоуды тікелей эфирде тамашалай алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, трансляция төрт құрлықта жүргізіледі, ал жазбалар байқауға қатысушы елдерде бір тәуліктің ішінде көрсетілетін болады.
Қазақстан атынан байқауға ерекше дауыс иесі, көпшілікке "Amre" лақап атымен танымал Ернар Садырбаев "Дала таңы" әнімен қатысады. Әннің сөзі – ақын Саят Рахымжановтікі. Ернар Садырбаев "Славян базары" байқауының жеңімпазы, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
Бұл нөмір ерекше болмақ, себебі әншінің қасында сегіз жастағы Жасмин Қайратқызы да өнер көрсетеді. Ол Қазақстан делегациясындағы ең жас қатысушы. Бұл рөлге кастинг ауқымды деңгейде өткізілген, Жасмин жүзден аса үміткердің ішінен таңдалды. Нөмірдің толық мән-жайы әзірге құпия сақталуда, алайда байқауға қатысушылар оның сөзсіз жүрекке жететінін айтуда.
"Бұл ән барлық қатысушылардың жүрегін жаулап алды, барлығы дерлік әннің әуенін қайталап, қосылып айтып жүр. Басты мақсатымыз әннің Қазақстанда да хитке айналып, Отанға деген сүйіспеншілікті білдіретін патриоттық әндердің бірі болу", – деді Қазақстан делегациясының бас продюсері Алтынбек Рахметов "Еуразия" Бірінші арнасына берген сұхбатында.
Әзірге өнерпаздар сахна сыртында өз әсерлерімен бөлісуде.
"Маған адамдардың қалай дауыс беретіні өте қызық, себебі олар түрлі елдерден келіп отыр және анша-мұнша таныс емес. Мұнда 20-дан астам ел бар және бұл дауыс беру әділ болады деп ойлаймын", — деді әнші Amre.
Қатысушылар қатарында — 11 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бразилиялық Лусиану Калазанса мен Таис Надер, сондай-ақ байқауды мәдени достық алаңы деп білетін Беларусьтен келген әнші Анастасия Кравченко да бар:
"Кішкентай қыздың сахнадағы бейнесі өте әсерлі әрі көркем", — дейді ол.
"Интервидение-2025" байқауының финалы 20 қыркүйек күні сағат 22:30-да "Еуразия" Бірінші арнасында көрсетіледі. Өзіміздікілерін қолдайық!