Әзиза Аркенова сотты әділетсіз деп айыптап, Жоғарғы Сот пен Бас прокуратураның араласуын талап еткен шағымын жариялады.
Әлеуметтік желіде көпшілік әйелдің шағымын қолдап, сот шешімін қайта қарауды сұрап жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
"3 қыркүйекте судья күдіктіні қамауға алу туралы шешім қабылдайды, ал 12 қыркүйекте оны үйқамаққа шығарады. Бұл әділетті ме? Біреуіне жеңілдік беріледі, ал қалғандары түрмеде қалады, бұл қалай?" – деді Әзиза Аркенова
Аркенова үйқамаққа шығарылған адам тергеуге кедергі келтіруі немесе қашып жүргендерге көмектесуі мүмкін екенін айтады.
"Мен 23 жаста жесір қалдым, кішкентай балам бар. Күйеуімді көшенің қақ ортасында атып кетті, ал енді күдіктілерді үйлеріне жіберіп жатыр. Бұл әділеттілік пе?" – дейді әйел.
Айта кетейік, 17 тамызда Химпосёлокта атыс болып, оған Жұмыскер мен Авангардтан 30 шақты жігіт қатысқан.
Куәгерлердің айтуынша, олар бірнеше қару қолданған, кейбірі әлі табылған жоқ. Фельдшерді алдымен ұрған, содан кейін жақын жерден атқан, оқ жүрегіне тиген.