Өңірде 16 құқық бұзушыға — 13 ер адам мен 3 әйелге — қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды. Бұл шара 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енген жаңа әкімшілік жаза түрі және соттар тарапынан айыппұлға немесе қамауға балама ретінде қолданылуда.
Қоғамдық жұмыстар Әулиекөл ауданында (9 жағдай), Жітіқара және Қамысты аудандарында (әрқайсысында 2 жағдайдан), сондай-ақ Қостанай, Рудный және Меңдіқара ауданында тағайындалды. Жазаның мерзімі құқық бұзушылық бабына байланысты 10-нан 60 сағатқа дейін құрайды.
Мысал ретінде — Құсмұрын кентінің тұрғыны мас күйінде аурухана ғимаратында жанжал шығарған. Сот оған 20 сағат қоғамдық жұмыс тағайындады. Қоғамдық жұмыстар тек сот арқылы және құқық бұзушының келісімі болған жағдайда ғана тағайындалады. Олар негізгі жұмысынан немесе оқуынан бос уақытта атқарылады және жергілікті атқарушы органдар арқылы ұйымдастырылады.
Жалпы ұзақтығы — 10-нан 100 сағатқа дейін, бірақ 4 айдан аспайды. Күніне 1-ден 4 сағатқа дейін еңбек етуге болады, ал жұмыссыздар үшін — 8 сағатқа дейін, бірақ аптасына 40 сағаттан артық емес. Мысалы, қоғамдық орындарды ластағаны үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл немесе 20 сағат жұмыс беріледі. Қайталанған жағдайда — 10 АЕК немесе 40 сағат. Ұсақ бұзақылық үшін — 60 сағатқа дейін, ал қайталанса — 100 сағатқа дейін.
Қоғамдық жұмыстар жүкті әйелдерге, 3 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, кәмелетке толмағандарға, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан асқан ер адамдарға, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұрмайтын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға тағайындалмайды.
Бұл шара Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірқатар баптарына қолданылады. Олардың ішінде: отбасындағы заңсыз әрекеттер, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында мас күйінде жүру, аумақтарды ластау, полицияға бағынбау және басқалар бар.
Жұмысқа шығудан бас тартқан, бірнеше рет келмеген немесе мас күйінде келген жағдайда құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 49-2-бабы бойынша қосымша жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Қостанай облыстық полиция департаментінде атап өткендей, қоғамдық жұмыстар — тек жаза ғана емес, сонымен бірге ойлануға, өз іс-әрекетін қайта бағалауға және тұрғылықты жеріндегі тазалық пен тәртіпке нақты үлес қосуға мүмкіндік береді.