ШҚО-дағы балалар дүкенінде тауар бағалары басқа валютамен көрсетілгені анықталды, деп хабарлайды, Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне (Шығыс Қазақстан облысы бойынша) балалар дүкенінде бағалар рубльмен рәсімделгені туралы өтініштер келіп түскен.
Түскен өтініштер негізінде департамент кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру барысында ақпарат расталған – кейбір тауарларда шынымен де шетел валютасымен бағалар көрсетілген жапсырмалар қалған. Дүкен басшылығы мұндай жағдайдың заңнаманы білмеуден және қызметкерлердің жетіспеушілігінен туындағанын түсіндірген.
"Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында ішкі және (немесе) сыртқы сөрелерде қойылған тауардың бағасы теңгемен көрсетілмей сатылуы немесе бағасының теңгеден басқа валютамен көрсетілуі мынадай айыппұл салуға әкеп соғады: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 6 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК.
ӘҚБтК-нің 193-бабының 5-бөлігіне сәйкес, осы баптың 4-бөлігінде көзделген әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 65 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 120 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады", — делінген хабарламада.
Жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде құқық бұзушылықтың қайталанғаны анықталған. Осыған байланысты дүкен басшылығына Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасын бұзу фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ӘҚБтК-нің 193-бабының 5-бөлігіне сәйкес 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
Сонымен қатар департамент тарапынан құқық бұзушылықты жою туралы нұсқама берілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз