Түркістан облысының тұрғыны Азамат Мақұлбеков "Медеу" мұз айдынындағы баспалдақ арқылы 100 келілік өгіз мүсінді көтеріп шығып, Қазақстанның КИнЭСК рекордтар кітабына кірді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әкімдіктің мәліметінше, Түркістан облысы, Арыс қаласының тұрғыны Азамат Мақұлбеков бұған дейін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алыптар сайысында жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем еткен еді.

Сондай-ақ 40 келілік қошқарды 3555 рет отырып-тұрып көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген.

Енді спортшы жаңа биікті бағындырған. Ол Алматыдағы әйгілі "Медеу" мұз айдынындағы 842 сатыдан тұратын баспалдақ арқылы 100 келілік өгіз мүсінді 34 минут 28 секундта көтеріп шығып, Қазақстанның КИнЭСК рекордтар кітабына ресми түрде тіркелген.

"Бұл оның еңбектің, табандылықтың және шынайы ерік-жігердің үлгісін көрсеткен кезекті жетістігі болды", — делінген хабарламада.

Бұл шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы келіп, спортшыға сәттілік тілеп, қолдау көрсеткен.

Сонымен қатар Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков, республикалық Qazaqstan және Qazsport телеарналарының тілшілері де қатысқан.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз