Борышкерлердің автомобильдерін іздеу функциясы да енгізіліп жатыр
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан әділет министрлігі, республикалық жеке сот орындаушылар палатасы және Бас прокуратура «цифрлық бақылау» жүйесін іске қосты.
Ол көшелерде, қаланың қоғамдық орындарында, әуежайларда, вокзалдарда және метрода қарызды төлеуден жалтарған азаматтарды анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ бұл жүйе әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда да жұмыс істейді.
«Сонымен қатар борышкерлер халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде, сондай-ақ әуе және теміржол билеттерін сатып алу кезінде деректер базасы арқылы тұлғаны автоматты сәйкестендіру арқылы анықталады», — деп хабарлады әділет министрлігі.
Борышкерлердің автомобильдерін іздеу функциясы да енгізіліп жатыр. Осылайша қалалық бейнекамералар тыйым салынған көліктерді анықтайды, ал полиция оларды айыппұл тұрақтарына жеткізеді.
Ведомствоның мәліметінше, инновация арқылы өндіріп алушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалады. Сондай-ақ сот шешімдерін орындаудың тиімділігі артады.