Ұлыбритания Палестинаның дербестігін мойындауға дайын. Бірақ премьер Кир Стармер мұны АҚШ президенті Дональд Трамптың ресми сапары аяқталған соң ғана жүзеге асырамыз деген еді. Бір ғана Лондон емес, өзге де бірқатар мемлекет келесі аптада өтетін БҰҰ саммитін-де осы мәселені реттеуге бейім.

Ұлыбританияның үкімет басшысы Кир Стармер Палестинаны Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы басталғанға дейін мойындайтынын өткен айда мәлімдеген еді. Одан бас тарту үшін Израильге Газа секторындағы гуманитарлық жағдайды жақсарту бойынша бірқатар талап қойды. Бұл қадам Стармер мен АҚШ әкімшілігі арасында келіспеушіліктер туғызды. Өйткені Ақ үй Палестинаны ресми түрде мойындауға қарсы. Ал Стармердің мұндай мәлімдеме жасауына Лейбористердің Газа секторындағы гуманитарлық ахуалды талқылап, үкіметті сынға алуы түрткі болды. Осыдан кейін Стармер Палестинаға қолдау білдіруге дайын екенін айтты.

Кир Стармер, Ұлыбритания Премьер-министрі

Егер Израиль үкіметі Газа секторындағы қорқынышты жағдайларды тоқтату үшін нақты қадамдар жасамаса Ұлыбритания БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестина мемлекетін мойындайтынын растаймын. Израиль аймақтағы атысты тоқтатуға келісіп, екі мемлекет құру перспективасын қайта жандандыруы тиіс және ұзақ мерзімді тұрақты бейбітшілік орнатуға келісуі керек.

Стармер үкіметі Палестинаны мойындауға дайындалып жатқан тұста елде Израильге қару-жарақ экспортын тоқтатуды талап еткен кәсіподақтар мен құқық қорғаушылардың қысымы да күшейді. Ұлыбритания үкіметі қаруды өзі тікелей сатпайды, бірақ жергілікті компанияларға басқа елдермен келісім жасау үшін лицензия береді. Ал Израильмен соңғы уақытта сауда айналымы күрт өскен. Бұл халық арасында жаңа наразылықтың туындауына әкелді.

Бен Джамаль, Палестинамен ынтымақтастық компаниясының директоры

Біз билік иелеріне Британиядағы қарсылық қозғалысының күші мен ауқымын көрсеткіміз келді. Көшеге шыққан адамдар қоғамның белсенді бөлігінің мүшелері. Әлеуметтік сауалнамалардың барлығы британ қоғамының қару-жарақ саудасына эмбарго енгізу талабын қолдайтынын айқын көрсетіп отыр.

Франция, Австралия және Канада да БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы отырысында Палестинаны мойындайтынын растап отыр. Бүгінгі таңда Палестинаны ұйымға мүше 193 мемлекеттің 147-сі қолдаған. Бұл – әлем қауымдастығының шамамен үштен екісінен астамы. Олар негізінен Азия, Африка, Латын Америкасы және Шығыс Еуропа елдері. БҰҰ деректері бойынша, Палестина 2012 жылдан бері бақылаушы мәртебесіне ие. Бірақ толыққанды мүшеліктің болмауы және бірқатар батыс елдерінің оның мемлекеттік мәртебесін мойындаудан бас тартуы Палестинаға кедергі болып тұр.

Ғалымжан Қараманұлы, Ұлыбритания, Лондон