Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин мәжілісте жасанды интеллект Қазақстанның еңбек нарығына қалай әсер ететіні туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрландырудың жаһандық үрдісі еңбек нарығына айтарлықтай әсер етіп жатыр. Генеративті жасанды интеллект адам еңбегін ығыстыруы мүмкін деген мәселе қайта көтерілді", — дейді Олжас Анафин.

Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда автоматтандыру мен ЖИ-дің халықты жұмыспен қамтуға әсерін бағалау үшін зерттеу жүргізді.

"423 кәсіптік топты талдау нәтижесінде шамамен жұмыс орындарының 25 пайызын немесе 2,2 млн-ын автоматтандыруға болатыны белгілі болды. Олардың 1 млн-нан астамы генеративті ЖИ-мен алмастырылуы мүмкін. Ең үлкен қауіп ірі қалаларда Алматы, Астана және Шымкентте. Бұл қалаларда жұмыс орындарының үштен бірі автоматтандырылуы мүмкін. Сала бойынша әсіресе қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым және денсаулық сақтау саласына қатты әсер етеді" — деді спикер.

Алайда, Анафиннің айтуынша, жұмысшылар жаппай ығыстырылады деп айтуға болмайды.

"Қазақстанда еңбек құны салыстырмалы түрде төмен, компаниялар экономикалық пайдасын көріп отырғандықтан автоматтандыру бірте-бірте жүзеге асады. Сонымен бірге жаңа мамандықтар пайда болады – ұшқышсыз ұшақтар мен робототехникадан бастап деректер жөніндегі ғалымдар мен киберқұқық мамандарына дейін", — деп түйіндеді сөзін Олжас Анафин.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз