Алатау қаласының қоқыс полигонындағы ірі өртке байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Inform.kz.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, бұл шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қабылданды.
Өрт ауқымды аумақты қамтығандықтан, төтенше жағдай режимін енгізу қажетті күштер мен құралдарды — өрт сөндірушілерді, құтқарушыларды, арнайы техниканы дер кезінде жұмылдыруға және барлық қызметтің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді", — деп хабарлады облыс әкімдігі.
Сонымен қатар қабылданған шаралар өрт салдарын жою жұмыстарын жеделдетуге бағытталған.
Жағдай тұрақты бақылауға алынды. Тұрғындардың өміріне еш қауіп жоқ. Барлық қызмет түрі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізіледі", — делінген мәлімдемеде.