Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалғанын, инфрақұрылымды жақсартуға баса мән беріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Балаларға арналған жаттығу залдары, үйірмелер ашылып жатыр. Ауылдық жерлерде заманға сай спорт кешендері бой көтеруде. Менің тапсырмаммен биыл Ұлттық спорт университеті ашылады. Боксты дамытуға арналған нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жалпы, біздің еліміздің бокстағы әлеуеті орасан зор. Мұны әлемдік спорт қауымдастығы да мойындайды. Спортшыларымыз – өте дарынды, әлем чемпиондары аз емес. Сондықтан мемлекет боксқа басымдық беріп, оны ұдайы назарда ұстайды. Осы бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Біз боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеруіміз керек. Бұл – өте маңызды міндет", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатындағы нәтиже – Ұлттық құраманың бірлескен жұмысының жемісі. Боксшылар, бапкерлер, менеджерлер, спорт дәрігерлері мен басшылар бірігіп, бүгінгі жетістікке жетті.
"Сондықтан жеңіс тұғырынан көрінген спортшылармен қатар, бұл айтулы жеңіске үлес қосқан әрбір азаматты құрметтеуіміз керек. Бокстағы жоғары бәсекелестікті, сондай-ақ оны дамытудың заманауи үдерістері пайда болғанын ескере отырып, Ұлттық құраманы даярлауға кәсіби мамандарды тартып, озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізу қажет", — деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысқанын хабарлағанбыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты спортшы Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін ризашылығын білдірді.