Көрші ел алдына бірқатар мақсат қойып отыр.

Өзбекстан кедейлікті екі есе азайту жөніндегі міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға ниетті. Осылайша 2030 жылға дейін халықаралық стандарттар бойынша абсолютті кедейлікті толығымен жоймақ. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.

Мирзиёев кедейлікпен күрес мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілгенін жеткізді. Оның мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде 7,5 миллион адам кедейліктен арылған. 2024 жылға қарай кедейлік деңгейі 8,9%-ға дейін төмендеген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 6%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.

Ауыл халқының табысын арттыру үшін 235 мың гектар мақта мен бидай егістігі қысқартылып, азаматтарға 30-50 сотықтан жер берілген. Бұл 800 мыңнан астам тұрғынның кірісін арттыруға көмектескені айтылды.

"Осындай ауқымды шаралардың нәтижесінде Өзбекстан 2030 жылға дейін кедейлікті екі есе азайту жөніндегі міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға ұмтылып отыр. Біздің халықаралық стандарттар бойынша абсолютті кедейлікті толығымен жоюға толық мүмкіндігіміз бар",– деді Өзбекстан көшбасшысы Наманганда өткен халықаралық форумда.

Жыл қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 3500 долларға жетеді деп күтілуде.