Енді Түркістан қаласындағы бірқатар білім беру ұйымында оқушылар сабақ барысында ұялы телефон қолданбайды, деп хабарлайды облыс әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, бұл бастаманы Түркістан қалалық білім бөлімі қолға алып, "Смартфонсыз мектеп" жобасын ұсынған.
"Ұсынысқа ата-аналардан бастап, ұстаздар мен балалар ерікті түрде келісім беріп, құптап отыр. Мектеп қабырғасына келген әр сыныптағы оқушыларға бөлек телефон сақтайтын қорапша әзірленген. Білім алушылар телефонды сабақтан тыс, үзілістерде пайдалана алады", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ хабарламада басты мақсат – білім сапасын арттыру, оқушылардың ойлау қабілеті мен психологиялық денсаулығына оң әсер ету, бір-біріне деген қарым-қатынасты жақсартып, бос уақытты тиімді пайдалана білу екені айтылған.
"Осындай нақты ережелер мен бақылау шараларын енгізу смартфондардың білім беру ортасына тигізетін зиянын азайтып, сапалы білім мен тәрбиеге назар аударуға орасан ықпал етпек. Бір қарағанда қарапайым мәселе боп көрінгенімен, бұл жоба болашақ ұрпақ үшін өте маңызды қадам!" — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз