Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі Әуезов ауданына қарасты Аманжол көшесінде болған төтенше жағдайға қатысты пікір білдірді. Куәгерлер мұнда кеше нөсер жауын салдарынан жер ойылып, бірнеше көліктің шұңқырға түсіп кеткен видеосын жариялаған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Спецстрой Групп ЛТД" ЖШС бұған дейін Аманжол көшесінде тарату желілері жобасын аясында ауызсу және кәріз инженерлік желілерін жүргізу жұмыстарын толық көлемде аяқтаған.

"Асфальтбетон жамылғысын қалпына келтіру уақытша кейінге қалдырылды. Бұл QazaqGaz АҚ тапсырысымен 300 мм диаметрлі болат газ құбырын тарту жоспарына байланысты қабылданған шешім еді. Жол төсемін қайта қазудан және тұрғындарға қолайсыздық туғызудан сақтану үшін қалпына келтіру жұмыстары газ құбыры төселгеннен кейін жасалуға тиіс еді.

Алайда ауданның жауын суы қолданыстағы арық жүйесі арқылы осы көшеге жиналып, жол төсеміне түсетін салмақты арттырған. Бұған қоса, инженерлік желілерді алты метрге дейінгі тереңдікте жүргізу топырақ негізін жұмсартты.

Осы жағдайға және қатты нөсердің әсері жолдың шөгуіне және жабынның бүлінуіне әкелді. Соның салдарынан 2025 жылғы 16 қыркүйекте жол жабыны опырылып, 13 автокөлікке зақым келді", — делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдері қазіргі уақытта Аманжол көшесі жабық екенін, бүгін таңнан бастап көліктерді эвакуациялау, топырақты шығару және жолды толық тазартқанға дейін балласт төсеу жұмыстары басталатынын айтты.

"Сонымен қатар мердігер ұйым зақым келген автокөліктердің иелеріне келтірілген шығынды толық өтейді. Мәселе, Алматы қаласы әкімдігінің бақылауында", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз