Алматы облысында үш күннен бері тұрмыстық қалдықтар полигоны өртеніп жатыр. Өрттің жағымсыз иісі Алматы қаласына да жетті. ТЖМ өкілдері қоқыс полигонындағы өрт қасақана қойылған болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды КТК арнасы.

КТК тілшілерінің хабарлауынша, Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы қоқыс полигонының маңайына бүгінде жолау мүмкін емес болған. ТЖМ күштері үш күннен бері өртті әлі ауыздықтай алмай жатыр.

Қоқыс полигонының бүгінгі көрінісі кешегіден де нашар, түгел қою түтінге оранған. Қалада жаңбыр жауғанымен, он метрден астам тереңде лаулаған от әлі де сөнбей жатыр. Түтіні тіпті күшейген, соның салдарынан маңайдағы ауыл мектептерінде жұмыс кестесін өзгертуге тура келді. Қауіпсіздік мақсатында үш бірдей білім беру мекемесі бүгін онлайн оқыды.

Қазір арнайы комиссия құрылып, сараптама жұмыстары басталған. Соның нәтижесі бойынша төтенше жағдай жарияланып қалуы мүмкін.

"Кеше өзіміз комиссия жүргіздік. Қазір өз ұсынысымызды енгіздік. Төтенше жағдайлар департаменті олардың қорытындысын күтіп отырмыз. Қорытындысын бергеннен кейін, ары қарай шешсе, төтенше жағдайлар болады деген, ары қарай жұмыс істелінеді. Эвакуация қажет етпейді. Адам өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ", — деді Алатау қаласының әкімі Аркен Өтенов.

Өртке қарсы қызмет комитеті полигондағы өрт себебі ретінде қасақана өртеу нұсқасы да қарастырылып жатқанын хабарланды.

"Өрттің аумағы, материалдық шығын және кінәлі тұлғаларға қатысты шаралар өрт толық жойылған соң нақтыланады. Оқиғаның барлық нұсқасы, соның ішінде қасақана өртеу фактісі де қарастырылып жатыр. Бригадалар оқиға орнына келгенде полигонның әртүрлі учаскелерінде үш ошақ анықталған. Қазіргі мақсат – өртті толық сөндіру. Қызметкерлер тыныс алу құралдарымен үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Орындарында шатырлар орнатылып, тұрмысқа жағдай жасалған. Желдің бағытына байланысты түтін кейде елді мекендерге қарай бет алып, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Алайда өрттің таралмауы үшін барлық шараны жасап жатырмыз", — деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.

Дереккөз: КТК.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз