Климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат керек. Бүгінгі съезд барысында Президент осындай бастама көтерді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, дін қайраткерлері әрқашан адамдарды жігерлендіріп, игі іс жасауға бастамашыл бола алады. Сондықтан бәтуәсі миллиондаған адамға жететін дін лидерлерін күрделі экологиялық қауіп-қатерге бірге қарсы тұруға шақырды. Себебі, кез келген халықтың руханияты табиғатты аялауға, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге үндейді. «Ал Жер – Жаратушы сыйлаған ортақ үйіміз. Оған қамқорлық таныту», - парызымыз деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Климаттағы өзгерістер мен оның ауыр салдары – тек ғылыми немесе экономикалық мәселе емес, іргелі адамгершілік құндылықтар үшін сынақ. Ықтимал экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықаралық ынтымақты нығайту, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейде үйлесімді әрекет ету маңызды. Сондықтан съезд аясында климат өзгерістеріне қарсы күрестегі дін көшбасшыларының рөлі туралы бірлескен құжат әзірлеуді ұсынамын. Аталған құжатта рухани дәстүрлерге негізделген және климат өзгерістеріне осал өңірлерді қолдауға ерекше мән беретін экологиялық жауапкершіліктің жалпыға бірдей қағидаттарын бекітуге болады.