Ол балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстар толастамай отырғанын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев мектептерде жаппай смартфон пайдалануға шектеу қоюды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Басқасын айтпағанда, бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында 3 қайғылы жағдай орын алып, 3 жасөспірім қаза тапты. БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9-сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай", – деді ол өзінің депутаттық сауалында.

Елнұр Бейсенбаев келтірген ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы аса ауыр қылмыс. Ал биылғы 8 айда 938 қылмыс тіркелген.

"Мектептерде білім сапасына басымдық берілгенімен, тәрбие жұмысы көбіне қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді. (...) Әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған. Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарыс-қатынасының нығаюына едәуір әсер етеді", – деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат айтқан ұсыныстар:

1. Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибуллингтік бағдарламаны енгізу;

2. Әрбір мектепте психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдау;

3. Спорттық және көпшілік іс-шараларды балалардың арасындағы командалық рухты күшейтуге, бір-бірін құрметтеуге, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруге, заң мен тәртіпті сақтауға бағыттаған жөн.

4. Балалар арасындағы достықты нығайту, олардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу.