Мұндай деректі Ұлттық статистика бюросы жариялады.

Биыл еліміз жаз мезгілінде сырттан электр қуатын сатып алу айтарлықтай артқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылғы шілдеде импорт көлемі 56,8 млн доллар болды, бұл маусыммен салыстырғанда 98%, ал өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 74% жоғары.

Қаңтар-шілде аралығында барлығы 2,3 млрд кВт/сағ электр энергиясы сырттан жеткізілді. Оның құны 169,2 млн доллар болды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда көлем бойынша +7%, ақша бойынша +24% көп. Бұл – кейінгі 11 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Импорттың көбеюіне ішкі тұтынудың артуы ықпал етіп отыр. 2025 жылғы шілдеде ішкі нарықта 10,1 млрд кВт/сағ сатылды. Бұл өткен жылғы деңгейден +8% көп. Алайда елде өндірілген көлем небәрі 9,4 млрд кВт/сағ болды (+3%). Яғни, тұтыну өсу қарқыны генерациядан әлдеқайда жоғары.

Қазақстан электр қуатын негізінен Ресейден сатып алады. Шілде айында импорттың 86%-ы физикалық көлемде (674,1 млн кВт/сағ); 96%-ы қаржылық мәнде ($54,8 млн) Ресейге тиесілі болды.

Үкімет бұған дейін Ресейден электр энергиясына тәуелділікті азайтуды көздеген. Ақпандағы бағалау бойынша, 2025 жыл бойынша импорт 2 млрд кВт/сағ-тан аспауға тиіс еді. Алайда еліміз қазірдің өзінде (қаңтар-шілде) бұл межеге жетіп қойды.