Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2025 жылғы 17 қыркүйекте, маңызды мәлімдеме жасады. Онда қазақстандықтарға әлемде қарқын алып келе жатқан жаңа киберқатер туралы ескерту жасалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Атап айтқанда, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік қатерлері мен қылмыстық тәуекелдерді болжау орталығы шетелдік дереккөздерге ("Department of Motor Vehicles" – АҚШ, "Комсомольская правда", "Аргументы и Факты") сілтеме жасай отырып, қаскөйлердің жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы жалған қаулыларды жаппай таратып жатқанын хабарлады.
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жалған қаулыларды жаппай жіберіп жатыр. Хаттар мен хабарламалар электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберіледі және жүргізуші, көлік нөмірі туралы деректерді және "айыппұл төлеуге" сілтемені қамтиды.
Шын мәнінде, бұл фишингтік шабуыл. Банк картасының деректерін енгізген кезде сіздің шотыңызға толық қол жеткізіледі және барлық қаражатты ұрлау мүмкіндігі туындайды. Жекелеген жағдайларда сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирусты қамтиды.
Бүгінгі күні, шабуылдар Ресей мен АҚШ-та тіркелген, сондықтан мұндай схеманың Қазақстанда таралу қаупі бар.
Әкімшілік айыппұл салу туралы ресми хабарламалар тек 1414 қысқа нөмірінен келіп түседі және төлем сілтемелерін қамтымайды. Салынған айыппұлдар туралы ақпарат egov.kz арқылы банктердің мобильді қосымшаларына да берілетінін естеріңізге саламыз.
Егер сіз 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама алсаңыз және онда төлем сілтемесі болса – ол бойынша өтпеңіз! Бұл алдау! Мұндай хабарламаларды алаяқтар жібереді!
Ұсынамыз:
- сілтемелер арқылы өтпеңіз және күмән тудыратын хаттардың тіркемелерін ашпаңыз;
- айыппұлдар туралы ақпаратты тек egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстарында және банктердің мобильді қосымшаларында қайта тексеріңіз.
Егер сіз сілтеме арқылы өтіп, деректерді енгізген болсаңыз:
- банк картасын шұғыл бұғаттаңыз;
- ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефоны арқылы хабарлаңыз;
- құрылғыны вирустың бар-жоғына тексеріңіз.
Айта кетерлігі, осыдан бірнеше күн бұрын, 2025 жылғы 15 қыркүйекте, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, елдегі киберқатерлерге қарсы шаралар қабылдауды тапсырған болатын.