Павлодар қаласында Жетісу облысының екі тұрғыны ұсталды. Олардың үстінен есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сақтау, тасымалдау, жөнелту, сату мақсатында дайындау, сондай-ақ өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті бойжеткендер қазіргі уақытта қамауға алынды.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдеріне 24 және 25 жастағы әйелдердің тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатыстылығы туралы жедел ақпарат түскен. Тінту шаралары барысында күдіктілерден «жасырма» тәсілі арқылы таратуға дайындалған оралымдар тәркіленді. Сараптама олардың аса ірі көлемде синтетикалық есірткі сақтағанын растады», – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Ведомство атап өткендей, ұсталғандар есірткі айналымына қатысы барын жасырмай, жедел уәкілдерге алдын ала оралған және таратуға дайын есірткіні сатып алғандарын айтқан. Олардың міндетіне Павлодар қаласында жасыруға келетін орындарды таңдау және координаттарды кураторға хабарлау кірген.