Ақмола облысының аграрийлерімен өткен жиыннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Көкшетаудың 2050 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары ұсынылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың дерегінше, Бас жоспар аясында жылу электр орталығы, көпсалалы облыстық аурухана, Азаматтық қорғау академиясы және көпфункционалды спорт кешені салынуда.
Сонымен қатар, шамамен 60 өнеркәсіптік кәсіпорын ашу көзделген индустриялық аймақ құрылуда.
Тағы бір маңызды жайт – облыс орталығының аумағы 7 мың гектарға кеңеймек:
"Жоспар құрылымында Көпе көлінің жағалауында заманауи іскерлік орталық ерекше орын алмақ. Мұнда тұрғын үй кешендері, бизнес және сауда орталықтары, әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктер шоғырланады."
Қосымша мәліметте қала халқының саны 500 мың адамға дейін өсетіні болжанған. Тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл көрсеткіш жаңа құрылыс пен реновация есебінен жүзеге асады.
Презентациядан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қалада стадион салуды тапсырды.
Бұған дейін Ақорда өңірден әсем фотосуреттер ұсынған болатын. Сондай-ақ Тоқаев 2025 жылы қай өңірге баруды жоспарлап отырғанын да мәлімдеді.