Прокурор Сабыржан Әленов блогер Ерболат Жанәбіловтің ісін қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу органына жолдауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Прокурордың айтуынша, куәгерлердің айғақтары тыңдалып, іс жүргізіліп жатқан тұлғаға қатысты дәлелдер мен өзге де материалдар қаралды.
"Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті Жанәбіловтің әрекетін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы 6-бөлігі бойынша саралады. Ал адвокат "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заңның 1-бабының 4-тармағына сүйеніп, тауар мен қызмет сатуды ынталандыру мақсатындағы ұтыс ойыны лотерея болып есептелмейді деп көрсетті", — деді Сабыржан Әленов.
Сот отырысында белгілі болғандай, 2025 жылғы 18 тамызда Жанәбілов Instagram-дағы жеке парақшасында онлайн-курстың сатылымға шығатынын хабарлаған.
"Алайда жарияланымда онлайн-курстардың сатылымы туралы ештеңе айтылмаған, тек он автокөліктің ұтыс ойынына назар аудартылған. Бейнероликте Жанәбілов: "Қысқасы, қатысыңыздар" деп қосты. Осылайша, ол онлайн-платформа қолданушыларын жаңылыстырып, жалған жарнама арқылы тұтынушыларды алдап, ұтысқа тартқан. Бұл қоғамда резонанс туғызды. Видеоны көрген жеке тұлға сыйлық ұтып алғысы келіп, сілтемеге өтеді де, тек сонда ғана онлайн-курстардың сатылып жатқанын білген. Оның үстіне ол курстарды Ерболат Жанәбілов емес, "Жаңа Бизнес" ЖШС сатқан", — деді прокурор.
Сабыржан Әленов барлық мән-жайды, соның ішінде сыйлықтардың құндылығын, жазбаның мақсатын, алынған табысты және басқа да факторларды ескере отырып анықтау қажет екенін атап өтті.
"Мысалы, уәкілетті орган атап өткендей, бұл ресми себеп ретінде ғана қарастырылуы мүмкін немесе шын мәнінде онлайн-курс болуы ықтимал. Дегенмен, ҚПК-нің 742-бабына сәйкес, істі тоқтатып, материалдарды қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу органына жіберуді сұраймын", — деді ол.
Сот прокурордың өтінішін қанағаттандырды.
"Сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша Ерболат Жанәбіловке қатысты істі қылмыстық іс бар болуына байланысты тоқтатуға қаулы етті. Істі Астана экономикалық тергеулер департаментіне жолдау туралы шешім қабылданды", — деді судья Малика Ноғайбекова.
2025 жылғы 24 тамызда белгілі болғандай, Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілерде қымбат сыйлықтар ойнатқан блогерлердің әрекетін лотерея заңнамасына сәйкестігін тексере бастаған.
5 қыркүйекте Астананың Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша іс қаралды. Сол күні сот отырысы 15 қыркүйекке, сағат 15:00-ге қалдырылды.
15 қыркүйекте Астананың Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында блогер Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты да заңсыз лотерея өткізу фактісі бойынша іс қарала бастады.