2025 жылғы 15 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха электрсамокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдату жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Игорь Лепеханың сөзінше, электрсамокаттар нақты мәселелер туындатып отыр. Осы жылдың басынан бері ел бойынша электрсамокаттардың қатысуымен 361 жол-көлік оқиғасы тіркелген, салдарынан 365 адам түрлі деңгейде жарақат алып, бір адам қаза тапқан.
"ІІМ былтыр да бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныстарды енгізген. Алайда олардың бірқатары қолдау таппады. Осыған байланысты депутаттармен бірлесіп жаңа түзетулер дайындалды. Онда электрсамокаттардың тротуарда жүруіне тыйым салу қарастырылған", — деді ол.
Сонымен қатар кикшеринг компанияларының міндеттерін және олардың қызметін реттеу бойынша ережелер қабылдау құқығын әкімдіктерге бекіту ұсынылып отыр.
"Бұл да тиімді шара болар еді деп ойлаймыз: әкім қай көшеде, қай уақытта самокатпен жүруге болатынын, ал қай жерде тыйым салынатынын өзі белгілей алар еді. Бірақ ол кезде депутаттар қолдамады. Енді қайтадан осы бастамаға оралып отырмыз", — деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда электрсамокаттарды пайдалану ережелерін қатаңдату мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлаған едік. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2025 жылғы 11 қыркүйекте Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.