2025 жылғы 15 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы, агросекторды, логистиканы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бектеновтің айтуынша, Президент өз Жолдауында елді жаңа даму кезеңіне көшіруге бағытталған жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырған.

"Үкіметтің алдында экономиканы, агросекторды, логистиканы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу жөнінде нақты міндеттер тұр. Біз инвестициялық ахуалды жақсартуға, негізгі салаларды жаңғыртуға, мемлекеттің тиімділігін арттыруға және мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған Президенттің стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін пәрменді шаралар қабылдаймыз", – деді ол.

Премьер елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін терең цифрлық трансформация, экономикалық жаңғырту және адами капиталды дамыту қажеттігін атап өтті.

"Бүгін ұсынылған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары барлық қойылған міндеттерге толық сәйкес келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардың іс-шараларын сапалы әрі уақтылы орындауды қамтамасыз етуі тиіс. Қаржыландыру мәселелерінің барлығы жедел шешілуі қажет", – деп тапсырды Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Жалпыұлттық жоспар жобасының шаралары ұлттық экономиканың тұрақтылығын арттыруға, негізгі салаларды және мемлекеттік басқаруды цифрлық жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және азаматтардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған.

"Инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналдырылатын болады. "Банктер туралы" заң қабылданады. Оның негізгі міндеті – нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің бос өтімділігін экономикалық айналымға, соның ішінде нақты секторға бағыттау. Жоғары технологиялық экономика секторларына Ұлттық қордан 1 млрд долларға дейін инвестиция салынады. Ол үшін Ұлттық банк тиісті бағдарламаны әзірлейді", – деді ол.

Осы жылдың соңына дейін мал шаруашылығындағы ауыл шаруашылығы бизнесін дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданады. Оның аясында 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағыты кеңейтіліп, кредиттік өнімдер желісі ұлғайтылады.

"Әлеуметтік қамсыздандыру саласында "ақша азаматтарды ілесіп жүреді" қағидаты енгізіліп, әлеуметтік төлемдердің мөлшері барлық өңірлерде осал топтар үшін біріздендірілетін болады", – деп атап өтті ҰЭМ басшысы.

2025 жылғы 15 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда киберқауіптерге қарсы шаралар қабылдауды тапсырды.